Атаулы әлеуметтік көмекті 800 мың қазақстандық алады - Қаржы министрлігі

14.03.2019 04:18
shadow

АСТАНА. ҚазАқпарат — Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 800 мың қазақстандық алатын болады. Бұл туралы Мәжілісте Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік тұрғыда қолдау мақсатында 2019 жылы АӘК тағайындау механизмі өзгереді. Осылайша, АӘК көрсету талабы бойынша күнкөріс минимумы 50-ден 70 пайызға, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге ұлғаяды. Нәтижесінде, АӘК-пен қамту ауқымы 800 мың адамға жетеді», — деді Татьяна Савельева Қазақстанның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға арналған отырысы барысында.

Оның айтуынша, АӘК тағайындау барысында отбасының жалпы кірісінен көпбалалы аналарға және отбасыларға, «Күміс алқа» және «Алтын алқаға» берілетін жәрдемақы, сонымен бірге балаларға мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы мен шәкіртақы алынып тасталады. Сонымен қатар, АӘК-ті тағайындау механизмі бойынша аз қамтылған отбасылардың әр баласына ай сайын күнкөріс минимумының 70 пайызы немесе 20 789 теңгеден беріледі.

«Жалпы, АӘК-ті аудару рәсімін жеңілдетуге, шынайы көмекке мұқтаж азаматтарды қамтуға бағытталған барлық шаралар қарастырылатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағытта отбасылардың кірісі қалай өзгеретіні туралы нақты мысалдар бар», — дейді вице-министр Татьяна Савельева.

Вице-министр нақтыланған бюджет бойынша мүгедек баланы тәрбиелеп жатқан ата-анаға немесе асырап алушыға (бала кезінен бірінші топтағы мүгедек баланы тәрбиелеп жатқандарға) берілетін жәрдемақы 31 183 теңгеден 41 577 теңгеге өсетінін хабарлады.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/atauly-aleumettik-komekti-800-myn-kazakstandyk-alady-karzhy-ministrligi_a3507111”